«ДИПЛОМ АЛУҒА ЕМЕС, БІЛІМ АЛУҒА ҰМТЫЛУЫМЫЗ КЕРЕК»



Қайырлы күн! Сұраныстарыңызға сай Р.Аюпов мырзамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз! 
Рашид Аюпов, "ҚазАльянс" қоғамдық бірлестігінің президенті:
«ДИПЛОМ АЛУҒА ЕМЕС, БІЛІМ АЛУҒА ҰМТЫЛУЫМЫЗ КЕРЕК»
- Рашид Абатоллаұлы, мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы мен шетелдің үздік оқу орындарында білім алу әрбір жастың арманы десек артық айтқандық болмас. Сіз үшін бағдарламаның стипендиаты атанудың сәті қалай түскен еді?
- Кентау қаласында дуниеге келіп, мектепті осы қалада бітірдім. 90 жылдардың ортасынан асқан кез. Бізге компьютер енді-енді келіп жатқан уақыт қой. Көпшілігіміз оның тілін білмейміз.
Ал Қазақ-түрік ерлер лицейінде, шетелден келген оқытушылар компьютеріңізді, интернетіңізді ұршықша иіретін. Олардың білімділігіне қызыға қарай отырып, шетелдің озық оқу орындарында білім алуды армандайтынмын. Сөйтіп, сол кезде «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атануды іштей мақсат етіп қойдым. Десек те, бағдарлама бойынша білім алудың талаптары жыл санап жоғарылап, алдымен осында жоғары білім алуым керек болды, кейін мемлекеттік қызметте кемі 2 жарым жыл жұмыс істеу талабы қойылды, не керек бағдарлама бойынша білім алу бақыты бірден бұйырмады. Бірақ, мақсатыма жету үшін ізденісімді тоқтатпадым. Бала күнгі арманым тек 2011 жылы орындалды ғой. Барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, өзім қалаған елде, өзім қалаған мамандық бойынша оқуға қол жеткіздім. Сол сәттегі бақытты кейпімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын, сірә. Әрине, шетелде білім алу оңай емес. Өзге елге аттанғалы тұрған біздерге сол кездегі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек ағамыз бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңесін аямады. Өзінің жасы бізбен қатарлас болса да, білімді, көрген-түйгені мол, өресі биік азамат қой. Содан 2 жыл Ұлыбританияның University College London да академиялық ағылшын тілін және болашақ мамандығым бойынша ілім алдым. 1 жыл Лондон қаласында Queen Mary, University of London оқу орнында мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алдым. Әрине, дамыған елдердегі қымбат оқу ақысы мен жоғары өмір сүру деңгейі қарапайым жастардың қалтасы көтере бермейді. Ал, «Болашақ» бағдарламасы шет елде сапалы білім алсам дейтін талапты жастарға берілген үлкен мүмкіндік қой. 
- Ұлыбритания сізге не берді? Не үйрендіңіз, не көрдіңіз, не түйдіңіз?
- Алғашқы күннен-ақ студенттер үшін қажетті жағдай, ыңғайлы атмосфера жасалғанын байқадық. Ондағы студенттік жатақханалар қонақ үй секілді. Әр бөлмеде бір студенттен тұрады. Қай уақыт болса да өзіңізге берілген студенттік карточкамен есікті ашып кіре бересіз. Түнгі он бірден кешіксеңіз кіргізбейтін вахтерша апайлар мұнда жоқ. Барлық жерде камерелар орнатылған, қауіпсіздік жоғары деңгейде қадағаланады. Кітапханалар 24 сағат бойы жұмыс істейді. Түннің жарымында ұйқыңызды қандырып барсаңыз да онда кітап оқып отырған жастар аз болмайды. Баруға ерінсеңіз, өзіңізге берілген арнайы код арқылы бөлмедегі компьютермен электронды кітапхананың қызметіне жүгіне аласыз. Онда қоғамдық көлікте жүруге студенттердің барлығына бірдей 30 пайыздық жеңілдік қаралған. Қалаған уақытыңызда спортпен айналысаиын, велосипед тебемін десеңіз кедергі жоқ. Ұлыбритания қай жағынан алсақ та дамыған, тұрғындары кішіпейілділік пен сыпайылықты бойына сіңірген мемлекет қой. Күнделікті қарым-қатынаста кешірімді бола білу, қандай да бір ақпарат сұрайтын болса «өтінемін» деп бастауы британдықтардың қанына сіңген әдет сияқты. Көшеде абайсызда біреудің иығынан қағып кетсеңіз, ол сізге келіп кешірім сұрап жатады. Автобусқа да ешкім таласып мінбейді. Тізіліп кезекке тұра қалады. Ашуланып жатқан ешкім жоқ, бәрінің жүзінде күлкі. Небәрі екі-ақ минуттың ішінде жолаушылар билеттерін алып, жайғаса қалады. Ең әсерлісі автобустан шығып бара жатып жүргізушісіне рахмет айтатыны. Сәйкесінше, автобус жүргізушісі де сапалы және қауіпсіз тасымал жасайды. Асхана, дүкен, банк, қысқасы, барлық жерде адамдардың қарым-қатынасы осындай. Лондонда шамамен 8 млн. халық тұрады. 3 миллиондай автокөлік бар. Көшелері біздікіндей кең емес, тар әрі, қысқа. Автожолда көліктердің сигналын сирек естисіз. Көлік кептелісі өте сирек, болса да біреуге біреу жол береді, өз қатарымен жүреді. Жаяу жүргіншілерге жасыл түссіз жол береді. Яғни, жүргізушілер де бір-бірін құрметтуді үйренген. Ал, көшеде ішімдік ішіп алған адамдарды мүлдем кездестірмейсіз. Мұнда қол ұшын беруге даяр адамдар өте көп. Көшеде адасып қалып жол сұрасаңыз , кез-келгені көмектесе кетеді. Қызмет деңгейіңізге, лауазымыңызға, үстіңіздегі киіміңізге мән беріп қарау британдықтарда мүлде жоқ.
Біреудің көзіне 2 секундтан артық тесіліп қарап қалсаңыз, сізге қарап ол адам жымияды. 
- Ұлыбритания халқы бұл деңгейге қалай жеткен? Қызығушылық танытып көрдіңіз бе? 
- Жақсы қоғам қалыптастыру бұл отбасындағы тәрбиеге байланысты. Британдықтар бұл мәселеге ең алдымен отбасында ерекше назар аударады. Содан кейін, бала мектепке барған алғашқы күннен бастап, қыз балаларды, қарияларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды құрметтеуді үйретеді. Мемлекеттің тарихына көз жүгіртіп көрсеңіз, қандай қиын кезең болса да тіліне, діліне ерекше көңіл бөлген. 1934 жылдары Ұлыбританияда British Council мемлекеттік емес ұйымы құрылған. Ұйым мемлекеттің, мемлекеттік тілдің беделін көтеру, «жұмсақ күш» арқылы еліне білімді адамдарды тартуды мақсат еткен. Бұл ұйым бүгінде әлемнің барлық елдерінде жұмыс істейді. Сол елде оқығыңыз немесе жұмыс істегіңіз келсе алдымен осы ұйымның табалдырығын аттайсыз. Олар сізге «Ұлыбританияны жақсы көр» деп айтпайды, елдің білімінің, тілінің кереметтігін айтып, елге деген сіздің қызығушылығыңызды оятады. Ұлыбританияда сол секілді халықты тәрбиелеуге, кітап оқытуға бағытталған бірнеше бағдарламалар жүйелі жұмыс істеген. Енді міне, бүгінгідей нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ондағы мемлекеттік қызмет халыққа ашықтығымен ерекшеленеді. Әкімдік қызметкерлерінің, депуттардың кез-келген жиындары тікелей эфир арқылы халыққа көрсетіліп отырады. Қалаған адам теледидарын қосып, жиында не талқыланып жатқанын көре алады. Жалпы, мемлекеттің алдыға қойған жоспары, стратегиялары мықты. Ал, бізге соларды көріп, терең танысуға мүмкіндік туды. Біздің ендігі мақсатымыз жақсы дүниелердің барлығын елімізде іске асыру ғой. Ұлыбританияның тарихына көз жүгіртетін болсаңыз, біздің еліміздің дұрыс жолда келе жатқанын көруге болады. 
- Ұлыбританияның қарапайым тұрғындары Қазақстан жайлы біле ме? 
- Олар Азия елдерінің ішінде Қытайдан кейін біздің елімізді жақсы біледі. Әсіресе, Лондон Олимпиадасындағы біздің спортшыларымыздың жетістіктері олардың елімізді танып-білуге деген қызығушылығын ерекше оятқан. 
- Аталған елдің жастарының өмір салтынан қандай ерекшелік байқадыңыз?
- Британия жастары өздерінің өмірлерін түгелдей жоспарлап қояды. Білім алу өте қымбат болғандықтан, көпшілігі несиеге оқиды. Оқуды қай жылы бітіретіні, жұмысқа орналасып, несиені қай уақытта қайтаратыны, одан әрі қарай не істейтіні жоспар бойынша жүзеге асады. Яғни, тайм-менеджментті жақсы меңгерген. Бізде кітап оқығалы отырғанда біреу қонаққа шақырса кете саламыз ғой. Ал, оларда ондай жоқ, әр минутын есептеп жүреді. 
- Шетелде өзіңіз бос уақытыңызды қалай өткіздіңіз? 
- Онда студенттер 4 күн оқиды, 1 күн өзі ізденеді. Сенбі-жексенбі демалыс. Бізге тілге байланысты 6 күн оқуға тура келді. Ал, жексенбі күні уақытымды босқа өткізбеуге тырысып, Ұлыбританияның үлкен табысқа жеткен тұлғаларының өмір тарихын зерттедім. Ұққаным, олардың қайсысын алып қарасаң да әрбір әрекеті елдің келешегіне арналыпты. Өздері суға батып бара жатса да келешек ұрпақ менің әрекетімді қалай бағалайды, қалай батуым керек, дегенге дейін ойлап қояды екен.
- Шетелдегі қазақстандық жастардың басын біріктеретін «ҚазАльянс» бірлестігіне жетекшілік етесіз. Бұл ұйымның құрылуына не түрткі болды?
- Шет елде қазақстандық жастар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасай бермейді. Ұлыбританияда бір жерлесіміз велосипед айдап жүрген кезінде көлік қағып, мерт болды. Оның денесін елге алып келуге ата-анасының жағдайы болмады. Сол кезде шетелдегі қазақ жастары ортадан ақша жинап, қайтыс болған жігітті туған жерінде жерлеуге қолғабыс еттік. Бұдан кейін де түрлі қиындыққа тап болған жастарға қолдау көрсетіп, бір-бірімізге демеу болып жүрейік деген пікірді қолдайтындар көбейді. 2015 жылы Лондон қаласында Наурыз мерекесін тойлап жатқанымызда бірлестікті құру идеясы ұсынылды. Сөйтіп, 26 наурыз күні шетелдегі қазақстандық жастардың басын біріктіретін «ҚазАльянс» бірлестігі дүниеге келді. Шет елде жүрген жастарымызға қолдау білдірумен қатар әлемде еліміздің абыройын көтеруге үлес қосуды да мақсат етіп қойдық. Содан бері көптеген жұмыстар атқарылды. Шет елде қиын жағдайға тап болған қаншама жерлестерімізге көмек көрсетілді. Әлемнің түрлі елдерінде игі іс-шаралар ұйымдастырдық. Былайша айтқанда, бірлік болған жерде тірлік болатынын дәлелдедік. Жер шарының әр бұрышында білім алып жүрген, тіпті жұмыс істеп жүрген жастар біздің ұйымның қатарына өте бастады. «ҚазАльянс» бірлестігінің «Қазақстан достары» атты тобы бар. Оған Қазақстанға келіп жұмыс істеуге, бизнес бастауға, түбегейлі көшіп келуге ниетті шетелдік азаматтар енген.
- Ұйым қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарып жатыр? 
- Шет елде оқып жүрген жастар елге оралғаннан кейін бірден жұмысқа орналасып кетуі үшін біз «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жетекшілерімен жастардың бірнеше рет кездесуін ұйымдастардық. Ондағы мақсат – біздің білікті кадрларды елдегі ірі компанияларға ұсыну, таныстыру. Кездесулер Лондон және Пекин қалаларында өтті. Алда АҚШ-та, одан кейін өзге елдерде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Шараның екі тарапқа да тиімді екені байқалып жатыр. Сонымен қатар, біздің ұйым қазақтың ұлттық спорт ойындарын дәріптейтін ұйымдармен меморандум түзген. Нәтижесінде шет елдерде Қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ сынды бірқатар ұлттық ойындарымызды дәріптеуге бағытталған іс-шаралар өткіздік. Мұндағы мақсат, дәстүрімізді дәріптеу арқылы шетелдіктердің Қазақстанға деген оң көзқарасын қалыптастыру. Сонымен бірге, Қазақстанда түсірілген фильмдерді шетелдегі қандастарымызға көрсетіп келеміз. «ҚазАльянс» бірлестігінің мүшелері, яғни патриот жастар ешқандай ақы алмастан елімізге туристердің неге аз келетінін зерттеп, ұсыныстарын тиісті министрлікке жолдады. Сонымен қатар, шетелде оқып жүрген жастардың арасында «Келешекті ойлау» атты байқау ұйымдастардық. Байқау аясында жастар өздерінің Жасыл экономикаға байланысты жобаларын ұсынады. Жобаға өздері білім алып жатқан оқу орнының мықты Профессорлары баға береді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріп, бастаманы әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік жасадық. Жоба жұмыстары 2017 жылы аяқталып жатса, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде әлемдің назарына ұсынылады. Ұйымның атқарып жатқан жұмыстары көп, осылай жалғастыра беруге болады. Жалпы, Қазақстанның 50 мыңнан астам жастары шетелдерде білім алады. Соның ішінде Ресейде 27 мыңға жуық, Қытайда 11 мың, Ұлыбританияда 4 мың, АҚШ 1 мың, Корей елінде 200-ге студенттеріміз бар. Жалпы, біздің есебіміз бойынша Қазақстанның 80 мыңға жуық азаматтары түрлі мақсатпен шетелдерде жүр. Біздің алға қойған мақсатымыз сыртта жүрген қазақстандықтарды осы ұйымның төңірегіне топтастыру.
- Жалпы, шетелде жүрген талантты жастарымыз көп пе? 
- Әрине, аз емес. Мысал ретінде айтар болсам, Голландия мемлекетінде осы Оңтүстік Қазақстан облысының жастары заманауи робот жасаумен айналысып жүр. Олардың жұмысына қызығушылық танытып жатқан мемлекеттер аз емес. Олар өзге елдің азаматтығын алған жоқ. Бастаған істерін жетілдіріп, дамытқан соң елге келіп қызмет етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, АҚШ-та 2 азаматты білемін. Олар тікұшақ шығаратын зауыт ашқан. Бар жоспарлары «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен АҚШ-та өнім шығару. Қазіргі таңда инвестиция іздеп жатыр. Сол елде тағы екі студентіміз небәрі 7 күнде қолдануға дайын болатын тамаққа арналған аскөк өсірудің технологиясын ойлап тапқан. Олар өсірген аскөктің бір ерекшелігі ешқандай химиялық тыңайтқыштар пайдаланбайды, кәдімгі көкөніске қарағанда дәрумендері 70 есе көп болады. Бүгінде олар өнімдерін АҚШ-тағы ресторандарға өткізеді. Жігіттер бұл кәсіптерін Астана қаласында да ашып, бірқатар мейрамханалармен келісімге келді. Олардың да арманы өнімдерін «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен әлемге шығару. Айта кету керек, сол студенттің бірі өзіміздің Мақтаарал ауданының тумасы. Швейцариядағы су саласы бойынша әлемдік деңгейде жұмыс істейтін үлкен компанияда Сарыағаш ауданы, Абай ауылында туып-өскен Әбдіқайым деген жігіт жұмыс істейді. Білікті эксперт ретінде оның жұмысы жоғары бағаланады, түкірігі жерге түспейді. Тағы бір Шымкенттік жігіт АҚШ-та үлкен қор биржасында қызмет етеді. Ол да білікті маман ретінде танылған. Айта берсек, өзінің білімімен әлемді мойындатқан жастарымыз көп. Олардың ішінде түрлі салаларда жүрген облысымыздың жастары да аз емес. 
- Олар елге қайтуға құлықты ма?
- Олардың барлығы елге қайтады деп сеніммен айта аламын. Жартысы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан жастар. Келісім-шарт бойынша оқуды аяқтағаннан кейін міндетті түрде елге оралады. Өзгелерінің де шетелде қалғысы жоқ. Қай-қайсысымен сөйлессеңіз де түпкі мақсаты - Қазақстанды дамыту екенін айтады. Оларға әзірге бизнесін шетелде дамытқан қолайлы. Мәселен, тікұшақ шығаратын заутты Қазақстанға көшіріп алып келсе, оның тиімділігі АҚШ-тағыдай болмасы анық. Олардың барлығы да өзге елдің азаматтығын алған жоқ, Қазақстанның азаматтары. Қазақстандықтардың шетелде бизнес ашып, «Қазақстанда жасалған» деген өнім шығарып жатса оған неге қуанбасқа... 
- Біздің облысымызда қызмет етіп жүрген «Болашақ» бағдарламасының түлектері көп пе? Олар қандай салаларда еңбек етіп жүр? 
- «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның мәліметіне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 200-дей бағдарлама түлегі бар. Олардың көпшілігі бағдарлама аясында шетелде тәжірибеден өтіп қайтқан университет оқытушылары. Жақында өңірдегі 60-қа жуық түлектермен кездесу өткізіп, ой бөлістік. «ҚазАльянс» бірлестігі жобаларының бірі «Ойыңды бөліс» деп аталады. Жоба аясында өңірлердегі жастардың шетелде оқуға қызығушылығын арттыру үшін «Болашақ» бағдарламасы түлектерімен кездесулер өткізу. Сонымен қатар, «Ауыл жастарына» атты жобамыз бар. Ауылдағы жастар мен шетелде оқып жүрген студентті тікелей эфир арқылы байланыстырып, ондағы өмірмен, тыныс-тіршілігімен таныстырылады. Ондағы мақсатымыз ауылдағы жастарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға тарту болып табылады. Жобаларымыздың тағы бір мақсаты шетелдің ағылшын тілінде сөйлейтін мамандарын жаз мезгілінде ауылға алып бару. Ондағы мақсат – шалғай ауылдардағы балаларға шет тілін терең үйрету. Әзірге бұл жоба іске асыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Жастармен жиі кездесіп жүрсіз ғой. Олардың бойынан қандай кемшіліктерді, қандай артықшылықтарды көресіз? 
- Жастармен жиі кездесеміз. Сонда байқағаным, олар мемлекет үшін бір нәрсе істегісі келіп тұрады. Бірақ, ойын жүзеге асыру үшін мемлекеттің қолдауы керек деп санайды. Яғни, өзіне деген сенімділігі жетіспейтіндей көрінеді. Ал, менің айтарым, жастар мемлекеттің қолдауын күтпей өздеріне сенім артуы керек. Біздің «ҚазАльянс» бірлестігі мен «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы бірлесіп, жастар арасында түрлі басқосулар өткізуді жоспарлап отырмыз. Білгенімізбен бөлісіп, дамыған елдердің қалай жетістікке жеткенін, оған жастардың қосқан үлесін түсіндірсек дейміз. Мемлекетіміз бай, қуатты болсын десек, жастар ғылымға бет бұруы керек. Инновациялық жаңа дүниелерді шығаруға күш жұмсауы қажет. Көпшілік әлі де инновация мен трансферттік технологияларды шатастырып жатады. Біз біреудің жаңалығын көшірумен дами алмаймыз, керісінше сол елге тәуелді болып қаламыз. Тағы бір айта кетер жайт, жастар диплом үшін емес, білім үшін оқуы керек. Технология дамыған қазіргі заманда білімді болу үшін университетте оқу шарт емес. Оған Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы, бизнесмен Марк Цукербергті, басқа да жетістікке жеткен көптеген адамдарды мысал етуге болады. Лондонда «ҚазАльянс» бірлестігі жаңадан құрылған кез. Ұйым жайлы мәліметті әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақстандық жастарға таныстырудың жолдарын қарастырып жүргенмін. Сонда біреу бір кемпірге баруыма кеңес берді. Әлгі кемпірді іздеп таптым. Жасы 78-ге келген қария екен. Компьютерді жақсы меңгерген. Әлеуметтік желілерде мықты хэштег, керемет аттар тауып беріп, жылына 2,5-3 млн долларға дейін табыс табады екен. Желіде танылудың жолдары жайлы кеңес береді. Өте ауқатты, жағдайы жақсы. Маған көрсеткен қызметі үшін шамамен жарты сағаттың ішінде 500-дей доллар тастап кете бардым. Айналамызда осылай да табыс тауып жатқандар аз емес. Сондықтан, адамнің білімін қолындағы дипомына қарап бағалайтын ұғымнан арылуымыз керек. 
- Жоғарыда уақытты тиімді пайдалану жөнінде айттып өттіңіз. Өзіңіз қазір уақытыңызды қаншалықты тиімді жұмсап жүрсіз?
- Жалпы, тайм-менеджмент деген ұғым мұсылмандардан шыққан ғой. Уақытты дұрыс пайдалану мұсылман үшін парыз болып саналады. Батыс елдері оны бүгінде сәтті пайдаланады, ал біздер ұмытып кеткенбіз. Ұлыбританияда көргеннен кейін уақытты барынша тиімді пайдалануға тырысатын болдым. Қазір мемлекеттік қызметте жүргендіктен жұмыс көп. Бірақ, қолым қалт ете қалса, Заңдарды зерттеймін, кітап, мақалалар оқимын. Жалпы, жастар қанша жұмысбасты болса да өздерінің отбасындағы міндеттерін да ұмытпауы керек. Ата-анаңның жағдайын сұрап, түрлі сыйлықтармен қуантып тұруға тиістісің. Ағайын-туыс алдында да міндетің бар. Көпшілігіміз қазір ата-анамыз үшін уақыт таппай жатамыз. Шындығында, уақытты тиімді пайдалана алсаң, барлығына үлгеруге болады. 
- Рахмет! 


Сұхбаттасқан Алмас Дадабаев. 


Альянс географиясы



В настоящее время в состав «КазАльянса» вошли более 70 казахстанских студенческих организации из 17-ти стран мира, в том числе из Великобритании, Германии, Ирландии, Испании, Канады, Китая, Малайзии, России, США, Турции, Финляндии, Франции, Чехии, Швейцарии, Южной Кореи.


Дауыс беру



дауыс беру